Қоғамның ең маңызды тобы, мемлекеттің іргетасы-отбасы. Бұл күнді мерекелеу аясында Қозыбаев университетінің студенттері үшін «Отбасылық өмір негіздері» атты білім беру экспресс курсы өтті. Аталмыш шара «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы және университетіміздің психологиялық қызметінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Экспресс-курс барысында студенттер заманауи отбасының әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері, өмірлік серіктесті таңдаудың теориялық тұрғысымен танысты. Сондай-ақ, өмірлік жағдайларға байланысты «Ғашықтық тұзақтарына түсу» және отбасылық өмірдің дағдарыс кезеңдерінде туындайтын негізгі мәселелер талқыланды. Кездесу барысында студенттер жанұя мен неке құру, сонымен қатар, отбасы ұйытқысын сақтау сынды нақты мәселелерге тоқталды. Тақырып төңірегінде өз пікірлерін білдіре отырып, сұрақтарына жауап алды.