ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында ел халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын жолдады. Онда 4 негізгі бағдар көтерілді.
Президент бастаған маңызды мәселелердің бірі – білім беру жүйесі. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысының өсетінін де түсіндірді: «Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 % аралығында болады. Білім алуға жылдық өсімі 2-3 % болатын жеңілдетілген несие де беріледі»,-деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, қабылданып жатқан шаралар жоғары білім беруді қолжетімді етеді, сонымен қатар қоғамдағы серіктестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын күшейтеді.
Келесі маңызға алатын жайт-студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін қозғады: «Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік- жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Білім ордамыздағы басқосудың мақсаты мемлекет басшысының тарихи құжатта аталған ел дамуының басты басым бағыттары мен түйінді бастамаларын талқылау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады.