Университет командасы ЖСҚКП колледжінде болды. Бұл оқу орнымен берік серіктестік байланыс орнатылған. Соның негізінде біздің студенттер тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ, білім алушылар электр энергетикасы және автокөлік саласында қосымша дағдыларды меңгереді. ЖОО өкілдері «Жас маман» ұлттық жобасы аясында ашылған зертханалар мен заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, студенттер мамандықтың практикалық негіздерін меңгеретін шеберханаларды аралады. Бірлескен ғылыми-әдістемелік, білім беру, инновациялық және технологиялық әлеует негізінде, кадрлар даярлау сапасын арттыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
«Біздің колледж 2010 жылдан бастап университетпен білікті мамандарды даярлау бойынша ынтымақтастық жүргізіп келеді. Колледж базасында ЖОО студенттері қысқа мерзімді курстардан және тәжірибеден өтеді. Бүгінгі келісім арқылы білім беру жүйесін дамытудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Біз жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз»,- деп атап өтті ЖСҚКПК директоры Еркін Жақыпов.
Колледж білім алушыларымен кездесуде, Басқарма Төрағасы-Ректор Ербол Исақаев университетіміздің перспективалары туралы айтты. Бүгінде колледж студенттері, өндірістен қол үзбей-ақ, жоғары білім алуға мүмкіндік беретін дуальды оқуға түсе алады. Яғни, колледжді тәмамдаған соң , жоғары оқу орнына түсе отырып, талапкерлер грант пен шәкіртақыға үміткер бола алады. Оқу -жеделдетілген дуальды түрде 2 жыл. Бұл ретте, жас маман қызметке орналасса, жұмыс берушіден де жалақы төленеді. Білім беру траекториясы жұмыс пен оқуды ұштастыруға орайластырылған. Өткен жылы білім ордамызға дуальды нысан бойынша 89 адам мұғалімдік мамандық бойынша оқуға түсті.
«ҚР Президенті 2025 жылды «жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл бағытқа үлкен көңіл бөлінеді. Жыл сайын техникалық, педагогикалық және ауылшаруашылық мамандықтарына үлкен көлемде грант беріледі»,- деді ректор.
Колледжден кейін грантпен ЖОО-ға оқуға түссе, тек 2 пән тапсырады. Ақылы оқуға түсетін болса, жалпы дайындық деңгейін анықтайтын әңгімелесуден өтеді. ЖОО-ға түсуге ниет білдірушілер үшін колледж түлектеріне арналған ҰБТ-ның курстары тегін. Олар ақпан айында басталып, мамырға дейін жалғасады. Бұл балаларға тестілеуге сапалы дайындалып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.