Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясында Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай жетекші ғалым-әйелдерге алғаш рет академик Н.Базанованың сый-сияпатын тапсыру салтанаты өтті. Марапаттар лайықты нәтижелер көрсеткен, жоғары ғылыми әлеует танытқан, ғылым саласындағы зерттеушілерге берілді. Ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан 48 жетекші ғалым әйел марапатталды. Олардың қатарында Қозыбаев университеті Агротехнологиялық факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Алтын Шаяхметова да бар.
Алтын Сейдахметқызы мал азығын өндіру және жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Екі жобаның (ҚР АШМ, ҚР ДСМ) жетекшісі. Ол 50-ден астам ғылыми жарияланымның авторы, оның 13-і Scopus және WoS деректер қорына енгізілген. Хирш индексі – 6. Пайдалы модельдерге патенттері бар. Қазіргі уақытта Аризона университетінің ғалымдарымен суды микробиологиялық бағалау бойынша жобаға қатысады, сонымен қатар Германия қаржыландыратын халықаралық GreenAgro жобасы зерттеу тобының мүшесі. Аризона университетінде (АҚШ) «500 ғалым» бағдарламасы бойынша және Польша, Израиль, Ресей, Беларусь, Өзбекстан елдерінде ғылыми тағылымдамадан өтті.