Білім ордамызда Серпін бағдарламасы аясында оқитын студенттерді жұмысқа орналастыру бойынша тікелей СҚО кәсіпорындарымен келісімге қол қою рәсімі өтті. Бұл бағдарлама СҚО-да 2014 жылдан бері жүзеге асырылуда. Осы уақыт ішінде Қозыбаев университетіне 1732 студент қабылданды. Түлектердің 40%жуығы жұмысқа орналасты. «Серпін» бағдарламасы жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге: Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісуден жұмыс күші көп 5 өңірден үміткерлерді тартуға бағытталған.
Жұмысты үйлестіру мақсатында облысымызда жол картасы бекітіліп, Қозыбаев университетінің базасында «Серпін қолдау» аймақтық жобалық кеңсесі құрылды. Оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар кіреді. Негізгі міндет - әр студент пен оқуын тәмамдаған түлекке жеке қолдау көрсету.
ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім Комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан атап өткендей, Серпін бағдарламасымен оқыған жастар осы бағдарламамен оқытатын 8 өңірде өз міндеттерін 2 жыл жұмыспен атқару тиісті.
Бітіруші түлектер дуальды оқытуға жіберіліп, кейін жеке еңбек шарты жасалғанға дейін оларға қолдау көрсетіледі. Осындай мүмкіндікке ие болған студентіміз Жансая Өтеген. Өңірімізге Түркістан облысынан келіп, Қозыбаев университетіне Серпін бағдарламасы бойынша оқуға түсті. Шет тілі:екі шет тілі мамандығын таңдаған бойжеткен, алдағы жоспарларымен бөлісті: «Мен жастар үлесін арттыруға өз үлесімді қосуды жөн көрдім. Серпін бағдарламасының мақсатын түсініп, СҚО-ға деген қызығушылығым артты. Серпін бағдарлмасы маған тегін біліммен қатар, жан-жақты дамуыма мүмкіндік берді. Диплом алғанннан кейін университет бағдарлама түлектеріне жатақханадан орын ұсынады. Сондықтан осы өңірде қалып еңбек етуге дайынмын».
Қазіргі таңда аталған бағдарлама бойынша университетте 167 студент білім алуда. Биыл университетті техникалық, IT, ауыл шаруашылығы және педагогикалық мамандықтар бойынша 65 адам бітіреді.