Бүгін Қозыбаев университеті Көрісу күнін– Амал мерекесін тойлап жатыр! Дәстүр бойынша бұл күні үлкендерге құрмет көрсетіп, ақ тілектер айтамыз, бір-бірімізді көктемнің сәтті келуімен құттықтаймыз. Әр факультет ұлттық салт-дәстүрлерден қойылымдар көрсетіп, дастарханға ыстық бауырсақ пен тәттілерді үйіп қойды. Барлығы бір-бірімен амандасып, көрісіп шықты.Басқарма Төрағасы– Ректор Ербол Исақаев факультеттерді аралап, құттықтауын жеткізді. Бұл күн– табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келетін ұлық мейрам.
Ежелден 14 наурызды қазақ халқы жыл басы деп санаған. Халқымыз көктемгі күн мен түннің теңелуіне тура бір апта қалғанда, бір-біріне қонаққа барып, Наурыз мерекесін тойлауға дайындалады. Баршаңызды Амал мерекесімен құттықтаймыз, көктем мезгілі үйлеріңізге қуаныш пен береке әкелсін! Осы күні айтылған ізгі тілектер мен армандар орындалсын!