Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы өз сөзінде, елімізде жасанды интеллектті дамытуды жеделдету қажеттілігін атап өтті. Шынында да, цифрландыру дәуірінде ЖИ жаһандық үрдістері әртүрлі салаларды, соның ішінде жоғары білім беру жүйесінің жобаларын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
28-30 наурызда Алматыда жасанды интеллект саласындағы жетекші IT-компанияларды, стартаптарды және ЖИ саласындағы сарапшыларды біріктіретін AlmatyFair.ai көрмесі өтті. Ол озық технологияларды және оларды экономика мен әлеуметтік өмірде қолдану мәселелерін талқылайтын негізгі алаңға айналды.Бұл айтулы шараға Қозыбаев университетінің ұжымы да қатысты.
Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы аясында ЖИ- alem.ai халықаралық орталығы құрылып жатқанын атап өтті. Бұл Қазақстанды ЖИ-ға бағдарланған мемлекетке айналдырудың негізгі платформасы болмақ.Көрмеде Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жетекші бастамалары, соның ішінде KazLLM ұлттық тіл үлгісін әзірлеу, Ұлттық ЖИ платформасын іске қосу, сондай-ақ, аймақтың стартап-экожүйесін қолдау үшін құрылған Орталық Азиядағы ең ірі технопарктердің альянсы Central Asian Innovation Hubs қызметі ұсынылды. Meta hub, Derecnet AI, Cybernet және басқа да платформалардың өкілдері мемлекеттік қызметтердің жұмысын арттыру үшін өздерінің ең тиімді жағдайлары мен шешімдерін көрсетті.
Панельдік сессиялар шеңберінде Қазақстандағы ЖИ кәсіпкерлігін дамытудың жаңа білім беру технологиялары, сондай-ақ, AI-Sana пилоттық жобасының болашақ жоспарлары талқыланды. Бұл бағдарлама адами капиталды дамытуға және университеттердің білім беруден ғылыми- зерттеу әдісіне көшуіне бағытталған. Оның аясында Қозыбаев университетінің 4600-ден астам студенті жасанды интеллект курсын бітіріп, сертификат алды.