Тарихи оқиға! Қазақстанда алғаш рет университет командасы жеке брендті автобуспен еліміздің оңтүстік аймақтарына кәсіби бағдар беру сапарына аттанды! Serpin Way 6500 шақырымнан астам жол жүріп, 30-ға жуық елді мекендерді– ірі қалалар мен ауылдарды аралайды.Қозыбаев университеті Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының мектеп оқушыларына білім алу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беру үшін арнайы бағдарлау сапарын әзірледі. Делегация құрамында тек оқытушылар мен университет қызметкерлері ғана емес, студенттер де бар.
Кәсіптік бағдар беру тобының негізгі міндеті– талапкерлер мен олардың ата-аналарын Қозыбаев университетіне оқуға түсу мүмкіндіктері, берілетін гранттар, 160-тан астам білім беру бағдарламалары бойынша оқыту және Аризона университетімен ынтымақтастық туралы ақпарат береді. «Серпін» бағдарламасы аясында балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Он жыл ішінде бағдарлама жұмыс күші артық аймақтардың жастарына сапалы білім алуға және жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, өңіраралық байланысты нығайтуға, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға және еліміздің барлық аймақтарының біркелкі дамуына ықпал етеді.
Бүгінгі таңда Қозыбаев университетінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 167 адам білім алады, 65-і биыл жоғары оқу орнын бітіреді. Оларды жұмыспен қамтамасыз ету үшін дуальды оқыту ұйымдастырылып, облыстағы ірі жұмыс берушілермен 300-ден астам келісім-шарт жасалған. Студенттерге қолдау көрсету үшін «Серпін қолдау» орталығы ашылды, онда оқуға түскен күннен бастап жұмысқа орналасқанға дейін әр студентпен жеке жұмыс жүргізіледі. Қозыбаев университеті «Серпін» бағдарламасының түлектерін жатақханадан орынмен қамтамасыз ету бастамасын көтерді. Бұл оларға баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
«Университетте көптеген оң өзгерістер орын алды: басқа өңірлерден студенттермен қатар, жаңа ғимараттар мен жатақханалар салынды. Материалдық база нығайып, халықаралық ынтымақтастық жақсарып келеді. Қазіргі таңда Қозыбаев университетіне оқуға түскісі келетін жастар қатары артып келеді. Осы жоғары оқу орнындағы мамандықтардың арқасында «Серпін» түлектерінің өңірде жұмысқа орналасу мүмкіндіктері де жоғары»,- деді «Серпін» Республикалық кеңсесінің басшысы Мұрат Әбенов.
Бұл шаралар арқылы еліміздің шалғай аудандарынан келген жастар Қозыбаев университетінің жан-жақты өмірімен таныса алады.