Алғаш рет еліміздің ЖОО арасында Қозыбаев университеті студенттерге суицидтік мінез-құлық пен дағдарыстық жағдайлардың алдын алу мақсатында «JANYNDAMYN» жобасын іске асырып жатыр. Мұнда еріктілерге суицидтік мінез-құлықты анықтауға, алғашқы психологиялық көмек көрсетуге және қажет болған жағдайда арнайы психолог немесе дәрігер мамандарына жүгінуді үйретеді.Жоба 2022 жылдың қыркүйегінен бастап, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда университеттің түрлі факультеттерінен 40 студент-ерікті дайындалды. Тренинг барысында еріктілер аутодеструктивті мінез-құлық, клиникалық психология, психиатрия, салауатты өмір салтын қалыптастыру, театр психологиясы бойынша негізгі білімдерін алды. Спикерлер мен тренерлер қатарында тәжірибелі психологтар және психиатрлар болды.Оқыту нәтижесі бойынша әрбір қатысушы емтихан тапсырғаннан кейін тиісті сертификатпен марапатталады.
«Студенттердегі суицидтік мінез-құлық пен дағдарыстық жағдайлардың алдын алу бойынша жұмысты ұйымдастыруда жинақтаған тәжірибеміз жаңа сын-қатерлер жағдайында әлеуметтік ортаның жаңа шындығын ескере отырып, жұмысты ұйымдастыруға және ең құнды және маңызды ресурс – еліміздің болашақ ұрпағын белсенді пайдалануға мүмкіндік береді деп сенеміз», - деді Қозыбаев университеті психологиялық қызметінің жетекшісі Павел Моисеев.
2025 жылдың маусым айында Қазақстандық когнитивті-мінез-құлық терапиясы қауымдастығының бағдарламасы бойынша 15 тренер-мамандарын оқыту жоспарланған.