Білім ордамызда «ТМД елдеріндегі аэроғарыш өнеркәсібі үшін орнықты даму, ғылыми зерттеулер және кәсіби кадрлар даярлау» атты халықаралық ғылыми-практикалық семинар Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Ресейден келген ғалымдардың басын қосты.
Қозыбаев университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Ғалым Байтук, бүгінде елімізде аэроғарыш саласын әзірлеумен айналысатын 20-дан астам ұйым жұмыс істейтінін атап өтті: «Бүгінде шетелдік серіктестермен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Семинарды өткізу университетіміз бен аэроғарыш өнеркәсібі ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін маңызды».
Қозыбаев университетінің Астрофизикалық зерттеулер орталығында Андрей Андреевич Солодовник жетекшілік етеді. Бұл зерттеу орталығы атмосфераның жоғарғы қабаты мен жақын ғарыштың физикасын, ұзақ мерзімді айнымалы жұлдыздардың табиғатын зерттеу саласындағы ашқан жаңалықтарымен танымал. Атап айтқанда, әлемдік тәжірибеде алғаш рет метеорологиялық процестер мен күміс бұлттардың жаһандық өрістерінің эволюциясы арасында физикалық байланыстардың бар екендігі дәлелденді.
Семинарда ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің ведомстволық наградаларымен және грамоталарымен профессор Андрей Солодовник, доцент Павел Леонтьев және Орталық аэроғарыш институтының ғылыми қызметкері Надежда Солодовник марапатталды. Одан әрі аэроғарыш саласының мамандары, Ионосфера институтының перспективалық жобалары және зерттеулерді іске асыру бойынша сараптамалық пікірлерімен бөлісті. Ғалымдар түнгі бұлт өрістерінің даму тенденцияларын, тропосферадағы метеорологиялық жағдайларға байланысты полярлық мезосфералық бұлттардың маусымдық және маусымаралық өзгерістерін және басқа да тақырыптарды талқылады.Сондай-ақ, Қозыбаев университеті мен ҚР ЦДИАӨМ «Ионосфера институты» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.