Қозыбаев университетінің бас алаңында ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 33 жыл және Жеңіс күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Екі айтулы мереке ерлік пен батылдықты, патриотизмді біріктіреді. Бұл күні ел тыныштығы күзетінде тұрған сарбаздар мен әскери қызметшілерге тағзым етеміз.
Шараны университетіміздің Әскери кафедрасының жеке құрамы сап түзеуден бастады. Салтанатты жиынға Қозыбаев университетінің ӘК студенттері, ҚР ҰҰА курсанттары мен СҚО Қызылжар ауданы Бескөл мектеп-колледжінің кадет сыныбы тартылды. Қозыбаев шаңырағының студенттері ардагерлерге арнап патриоттық шығармаларды орындады. Көрермендер Бескөл мектеп-колледжі барабаншыларының өнерлері мен ҰҰА курсанттарының саптық шеруін тамашалады.
Алаңда әскери шатыр орнатылып, жиналған қонақтар жауынгерлер ботқасынан дәм татты. Сондай-ақ, Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні құрметіне бірқатар қызметкерлер, студенттер марапатталды.Қозыбаев университетінде 1998 жылы құрылған Әскери кафедра әрқашан патриоттық тәрбие мен азаматтық жауапкершілікті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы уақыт ішінде 3500-ден астам запастағы офицерлер мен сержанттар дайындалды.
«Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында 7 мамыр мерекесі ерекше маңызға ие. Біз майданда және тылда батырлық көрсеткен мыңдаған қазақстандық кеңес жауынгерлерінің ерлігіне тағзым етеміз. Отанға деген сүйіспеншілігіміз, бойларымыздағы патриоттық рух бүгінгі өсіп келе жатқан жастарға үлгі болмақ. Қазақстан тарихындағы ерлікке толы кезеңдерді әрдайым қастерлеп, қадір тұтамыз»,- деді Басқарма Төрағасы-Ректор Ербол Исақаев.
9 Мамыр- еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін майданда соғысып, тылда еңбек еткендердің ерлігін құрметтейтін күн. Ұлы Жеңіс пен Отан қорғаушылар күні құтты болсын! Бейбіт өмірде бірлігіміз нығая берсін!