Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жас журналистер үшін «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты V халықаралық бейнематериалдар байқауы өтті. Шығармашылық шара 2020 жылдан бері профессор, кәсіби тележурналист Ұлбосын Есенбекованың бастамасымен тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Биыл жарыс «Ұлы Жеңісті ұлықтаған, рухы биік жас ұрпақ!» тақырыбымен жарияланып, оған отандық университеттермен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей және Орталық Азия елдерінен 80-нен астам студент, магистрант пен докторант қатысып, өз шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Байқау жыл сайын өзектілігін арттырып, халықаралық деңгейге көтерілді. Қатысушылардың әр жұмысы ұлттық рухты жаңаша жеткізумен қатар, тарихи жадымен байланысын көрсетті. Бұл жас ұрпақты тарихты құрметтеуге, патриоттық рухты нығайтуға, ұлттық медианың цифрлық ортада дамуына үлес қосуға шақырады.
Осымен бесінші рет өтіп жатқан Халықаралық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де өтті. Оқу ордамыздың «Журналистика және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының 2-курс студенттері Қасымжомарт Егінбаев пен Қарақат Аманжол жүлделі 3 орынға ие болды. Олар университет мұражайындағы Ұлы Отан соғысына арналған залда түсірілім жасап, соғысқа қатысқан майдангерлер туралы «Хаттағы сырлы сезім» атты екі минуттық бейнеролик ұсынды.
Студенттердің ғылыми жетекшілері Qyzyljar телеарнасының директоры Разия Ыдырысбаева мен «Журналистика және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының аға оқытушысы Гүлгүл Төлешева. Жас журналистерімізді жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!