Қозыбаев университеті Әзірбайжан, Франция, Түркия, Ресей, АҚШ және Қазақстанның ғалымдары мен сарапшыларын жинаған «Ботай-Ұлы дала мәдениеті»халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді. Шараның басты тақырыбы: Ботай мәдениетінің бірегей археологиялық мұрасы. Конференцияға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, СҚО әкімі Гауез Нұрмұхамбетов қатысты.
«Түркі өркениетінің бастауларына арналған халықаралық ғылыми конференцияны өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Шараға көрнекті ғалымдар, археологтар және мәдениет қайраткерлері қатысып жатыр. Бұл Ботайдың Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңыздылығын көрсетеді. Ботай тек археологиялық орын емес. Біз оны ғылыми, туристік және білім беру орталығы ретінде белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бүгінгі конференция-ғылыми және мәдени ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам. Оның қорытындысы бірлескен зерттеулер мен түркі мұрасын сақтауға жаңа серпін беретініне сенімдімін», - деп атап өтті Гауез Нұрмұхамбетов.
2011 жылы Қозыбаев университеті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің Мәдениет комитетімен «Ботай-Еуразия жылқы көшпенділерінің тарихи негізі» ғылыми- қолданбалы жобасын іске асыруға шарт жасасты. Оның аясында Никольское ауылында археологиялық база құрылды, далалық лагерь мен университетте археологиялық олжаларды өңдеу зертханасы жұмыс істейді. Университет Ботайды сақтау және мұражайландыру идеяларын, соның ішінде қалпына келтірілген тұрғын үйлері, мұражай экспозициялары және туристік бағыты бар Археоэтнопарк құру бастамасын белсенді түрде алға тартады.
Конференцияның келесі бөлімі Қазақстанның көрнекті археологы, профессор Виктор Федорович Зайбертті еске алуға арналды. Оның Ботай туралы ашқан жаңалықтары, қоныста табылған көптеген олжалар, ғылыми тұжырымдар бүкіл әлемге танымал. 2022 жылы Қозыбаев универсииетінің мұражайында ғалым атындағы зал ашылды, онда оның еңбектері, артефактілері мен жеке заттары ұсынылған.