Сөздәйектер галереясы
Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тез қолға түседі. Шала мейір шала байқайды.
Абай Құнанбаев
Португалиядан Петропавлға: профессор Дентиньо KU студенттеріне сабақ береді
Қозыбаев университетіне бір ай көлемінде жұмыс сапарымен экономика және өңірлік даму саласындағы белгілі ғалым, Азор аралдары университетінің (Португалия) өкілі, профессоры Томаш Понси Дентиньо, ҚР ҒЖБМ қолдауымен іске асырылатын шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында келіп отыр.
Сапар барысында профессор Томаш Понси Дентиньо «Экономика, есеп және қаржы» кафедрасының білім алушыларына арналған дәрістер мен практикалық сабақтар топтамасын, сондай-ақ ғылыми-әдістемелік семинарлар сериясын өткізеді.
«Бізде экономика кафедрасы өте белсенді. Биыл біз стратегиялық серіктесіміз – Аризона университетімен бірлесіп «Бизнес және менеджмент» қос дипломды бағдарламасын іске қосамыз. Бізді мықты оқытушылар құрамы қызықтырады. Сондықтан сіздерді және әріптестеріңізді-экономика және бизнес саласында біздің командаға қосылуға шақырамыз», – деді Басқарма Төрағасы-Ректор Ербол Исақаев.
Профессор Дентиньо Қазақстанға осымен 3 рет келгенін атап өтті. Бірақ Петропавл қаласына алғашқы сапары екен. Екі университет ынтымақтастығына ризашылығын білдірді. Тіпті, кейбір студенттермен танысып үлгеріпті.
Педагогикалық қызметтен басқа, жас оқытушылар мен зерттеушілерді бірегей ғылыми ізденістер жүргізуге тарту, халықаралық гранттық бағдарламалар мен ғылыми жобаларға қатысу мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады. Сапар аясында ғылыми-зерттеу қызметінің өзекті бағыттары мен жоғары білім берудің заманауи мәселелері бойынша семинарлар, дөңгелек үстелдер мен ашық дәрістер жоспарланған. Сонымен қатар, профессор нөлдік емес импакт-факторы бар қазақстандық және шетелдік басылымдарда ғылыми мақалаларды дайындауға және жариялауға көмек көрсетеді. Университеттің ПО құрамы мен қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша іс-шаралар жоспарланған.
Шетелдік ғалымның сапары халықаралық академиялық және ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болмақ.
02.02.2026
