Сөздәйектер галереясы
Адамды білім сақтайды.
Әскери кафедрада оқуға арналған конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдаудың басталуы туралы
«М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КЕАҚ әскери кафедрасы 2026 жылғы 09 ақпаннан бастап әскери кафедрада оқуға арналған конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдаудың басталғаны туралы хабарлайды.
Құжаттар жұмыс күндері сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін 7-оқу корпусында (әскери кафедра), 104-кабинетте, сондай-ақ «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы www.egov.kz сайтында қабылданады.
Қосымша ақпарат: 8 (7152) 36-94-56, қос. 1122
87470528064 (WhatsApp)
Әскери кафедраға түсу ережелері
Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламалары бойынша әскери дайындық ақысыз (мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша) және ақылы негізде, ал запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша – ҚР Қорғаныс министрлігінің жинақтау жоспарына сәйкес, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың жұмылдыру қажеттілігін, сондай-ақ әскери даярланған резервті жинақтау қажеттілігін ескере отырып, ақылы негізде жүргізіледі.
Әскери дайындықтың мерзімі:
- запастағы офицерлерді әскери даярлау бағдарламасы бойынша – 2 жыл 5 ай;
- запастағы сержанттарды әскери даярлау бағдарламасы бойынша – 1 жыл 5 ай.
Ақылы негізде әскери дайындық үшін оқу құнын ЖЖОКБҰ айқындайды.
Конкурсқа Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан студенттер қатыса алады.
Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша оқуға бірінші курс (4 жылдық оқу) және екінші курс (5 жылдық оқу) студенттерінен (ұлдар мен қыздар) құжаттар қабылданады.
Запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша оқуға бірінші, екінші курс (4 жылдық оқу) және бірінші, екінші, үшінші курс (5 жылдық оқу) студенттерінен (ұлдар) құжаттар қабылданады.
Мерзімді әскери қызметті өткерген студенттер медициналық куәландырудан өткеннен кейін конкурссыз негізде ақысыз (мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша) әскери дайындыққа жіберіледі.
Іріктеу комиссиялары жинақтау жоспарына сәйкес әскери кафедрада оқуға студенттерді конкурстық негізде іріктеуді жүзеге асырады.
Әскери кафедрада оқуға конкурсқа қатысуға ниет білдірген студент конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар тізбесіне сәйкес құжаттарды тапсырады:
- Әскери кафедра бастығының атына қабылдау туралы өтініш;
- Жеке куәлік (түпнұсқа және көшірме);
- 3×4 өлшемдегі 4 фотосурет;
- Соттылығының бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама;
- Факультеті мен мамандығы көрсетілген ЖЖОКБҰ-да нақты оқып жатқанын растайтын анықтама.
Құжаттар пакеті қабылданғаннан кейін әскери кафедра студентке медициналық куәландыру картасын (7-нысан) береді.
Әскери кафедрада оқуға студенттерді іріктеу конкурсы төрт кезеңде өткізіледі:
бірінші кезең – ҚР ҚМ-нің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №716 бұйрығымен бекітілген әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына және ҚР ҚК-дегі әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережеге сәйкес медициналық куәландырудан өту. Медициналық куәландыру студенттердің тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында жүргізіледі. Медициналық куәландырудан өтпеген студенттер конкурсқа жіберілмейді.
екінші кезең – кәсіби-психологиялық тестілеу жүргізу. Кәсіби-психологиялық тестілеу іріктеу комиссиясымен ЖЖОКБҰ-ның компьютерлік сыныптарында өткізіледі және уәждеме деңгейін, стрессқа төзімділікті, сыни және логикалық ойлау қабілетін бағалауды қамтиды.
үшінші кезең – дене дайындығын тексеру. Студенттердің дене дайындығы дене шынықтыру нормативтерін тапсыру нәтижелері бойынша бағаланады. Үш нормативтің жиынтығы бойынша 9 балл жинай алмаған студенттер конкурс кезеңінен өтпеген болып есептеледі.
Дене дайындығы бойынша нормативтер
| Студент-жігіттер үшін | ||||
|---|---|---|---|---|
| № | Бақылау жаттығулары | Балл | ||
| "5" | "4" | "3" | ||
| 1 | 100 м (с) жүгіру | 14,2 | 14,5 | 15,0 |
| 2 | 3000 м (мин) жүгіру | 13,00 | 15,00 | 16,00 |
| 3 | Биік белағашқа тартылу (тартылу саны) | 12 | 10 | 8 |
| Студент-қыздар үшін | ||||
|---|---|---|---|---|
| № | Бақылау жаттығулары | Балл | ||
| "5" | "4" | "3" | ||
| 1 | 100 м (с) жүгіру | 16,0 | 16,5 | 17,0 |
| 2 | 1000 м (мин) жүгіру | 4,50 | 5,10 | 5,30 |
| 3 | Шалқасынан жатқан күйде, қолын желкесіне қоюмен, денені көтеру (көтеру саны) | 25 | 20 | 15 |
төртінші кезең – ЖЖОКБҰ-ның басшысы бекітетін және жасайтын рейтингтік балды есептеу негізінде жүзеге асырылатын конкурстық іріктеу.
Конкурстың әрбір кезеңінен өтуге бір рет қана рұқсат етіледі. Алдыңғы кезеңнен өтпеген студент келесі кезеңге жіберілмейді.
Әскери кафедраға оқуға қабылданған студенттер әскерге шақыру бойынша әскери қызметке әлеуетті кандидаттар болып табылады.
