"Манаш Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан университеті"
коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Үлкейтілген
Сөздәйектер галереясы

Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім.

Мұхтар Әуезов

Ербол Хамитов Қозыбаев университетінің магистратурасында оқуға грант алды

Бүгін Қозыбаев университеті студентіміз, 2026 жылғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы және жүлдегері, университетіміздің абыройын асқақтатқан Ербол Хамитовқа құрмет көрсетіп, чемпионды қарсы алды.

Жастар жеңімпазға Паралимпиада жарыстарына қатысу туралы, түрлі қиындықтарды еңсеру жайында сұрақтар қойды.

Бүгін спортшымызға магистратурада оқуға грант берілді. Ерболдың жүріп өткен жолы- қайсарлық пен нағыз ерліктің үлгісі. Жеңіске деген шексіз құштарлығы, тынымсыз жасаған жаттығулары мен маңдай тері оны әлемдік деңгейдегі биік белестерге жетеледі.

Басқарма Төрағасы- Ректор Ербол Исақаев чемпионды құттықтады: «Ербол алтын медаль жеңіп алған кезде Ғылым және жоғары білім министрі, университет ректорлары өз құттықтауларын жолдады. Жаттықтырушыларға өте ризамын! Кәсіби спорттағы жеңіс әрқашан да ерекше құнды болады. Ербол біздің университетімізді өте жоғары деңгейге көтерді!».

Ербол Қозыбаев университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша 4 курста оқиды. Оның табандылығы, еңбекқорлығы және өзіне деген сенімділігі студенттер үшін жарқын үлгі.

Спортшы, студент-жастарға  жігерлі үндеуін жеткізді: « Бірнеше ай бұрын мен Мемлекет басшысымен кездестім. Сол кездесуден кейін бүкіл ел алдында жеңіске жетем деп уәде бердім. Ең алдымен мені қолдаған барша жандарға, бапкерлеріме алғысымды білдіремін. Осылайша менің арманым орындалды. Еліміздің көк туы желбіреп, әнұраны шырқалды. Алға қойған жаңа мақсаттарымды орындау үшін барымды саламын. Дұрыс жолдан таймай, биік белестерді бағындыруға тырысыңыздар».

Екі тәлімгері де Қазақстан пара-шаңғы спорты және парабиатлон ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Антон Жданович пен жаттықтырушы Аслан Тоқбаев университетіміздің түлектері.

Ербол Хамитов – біздің университетіміздің ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы! Асуларыңыз биік болсын. Біз сізбен мақтанамыз!

19.03.2026