Сөздәйектер галереясы
Ұстаз болу, яғни жақсы оқытушы болу үшін, оқытатыныңды да сүюің керек.
ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ БАЗАСЫНДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚСТАН-ҚЫТАЙ АГРАРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ЭКСПОРТТЫ ДАМЫТУ ТЕХНОПАРКІ ҚҰРЫЛАДЫ
Қытай халықаралық білім көрмесі аясында Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова бастаған делегация Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің өкілдерімен және Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобының бас директоры Чэнь Хуайань жетекшілік еткен делегациямен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар «Қазақстан-Қытай аграрлық технологиялар және экспортты дамыту технопаркі» жобасын іске асыру барысын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету перспективаларын талқылады.
Жоба Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен және Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің тікелей қатысуымен жүзеге асырылуда. Университет жобаны практикалық іске асырудың негізгі алаңы ретінде айқындалып, оның базасында дайындық жұмыстары, ғылыми сүйемелдеу және тәжірибелік ауыл шаруашылығы жұмыстарын ұйымдастыру жүргізілуде.
2025 жылғы қараша айында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған делегацияның Қытайға сапары барысында Бейжің қаласында университет пен Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат жобаны практикалық іске асырудың негізін қалады. Бір жарым жыл ішінде қытайлық компания Өзбекстан, Малайзия және Қырғызстанды қоса алғанда, бірқатар елдерде жағдайларға салыстырмалы талдау жүргізді. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауын, өңірдің ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін ескере отырып, жобаны дәл осы өңірде іске асыру туралы шешім қабылданды.
Осы мақсатта облыс әкімдігі университетке көлемі 61 гектар жер учаскесін бөліп беріп, жобаны ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық тұрғыдан қамтамасыз етуде. Жоба Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, ғылыми базаны дамытуға, заманауи аграрлық технологияларды енгізуге және кадрлар даярлауға бағытталған.
Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобы Хэнань провинциясындағы ең ірі мемлекеттік кәсіпорындардың бірі және Қытайдағы жетекші аграрлық корпорациялардың бірі болып табылады. Компанияның жылдық айналымы 20 млрд АҚШ долларынан асады, ал топ құрамына агроөнеркәсіптік қызметтің толық спектрін қамтитын 170-тен астам еншілес компания кіреді.
Жоба екі кезеңде іске асырылады. Бірінші кезеңде технопарк инфрақұрылымын құру, ғылыми-өндірістік базаны қалыптастыру және заманауи технологияларды енгізу көзделген. Қытайлық серіктес тарапынан инвестиция көлемі шамамен 10 млн АҚШ долларын құрайды. Құрылыс аумағы шамамен 35 000 шаршы метрді құрайды, оның құрамына қойма кешендері, ғылыми-зерттеу және әкімшілік ғимараттар, жатақханалар, ауыл шаруашылығы техникасына арналған инфрақұрылым, сондай-ақ заманауи жылыжай кешендері кіреді.
Осы кезеңде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобы бірлескен кәсіпорын құрады. Бұл кәсіпорын технопаркті салу, басқару және одан әрі дамыту жұмыстарын жүзеге асырып, оның тиімді әрі тұрақты қызмет етуін қамтамасыз етеді. Университет өз кезегінде ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз етеді: зерттеулер жүргізу, тәжірибелік және демонстрациялық жұмыстарды ұйымдастыру, технологиялық шешімдер әзірлеу, деректерді өңдеу, технологиялар трансферін жүзеге асыру және мамандар даярлау.
Жобаны іске асырудың негізгі бағыттарына мыналар кіреді: селекция және тұқым шаруашылығы; ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру; механикаландыру, автоматтандыру және цифрлық технологияларды енгізу; жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді қолдану; ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттық тізбектерді дамыту. Кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, агроөнеркәсіптік тізбекті кеңейтуге және жоғары қосылған құны бар заманауи аграрлық индустриялық кластер қалыптастыруға инвестициялар қарастырылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Ғылыми әлеуетті ел игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғалымдардың жетістіктері тек кабинет деңгейінде қалып қоймауы тиіс. Нақты нәтиже беретін және өндірісте қолданылатын жобаларды жүзеге асыру қажет. Бір сөзбен айтқанда, ғылым экономика мен қоғамның қажеттіліктеріне қызмет етуі тиіс», — деп атап өтті. Аталған жобаны іске асыру осы міндеттерге толық сәйкес келеді және Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға кешенді әсер етеді. Атап айтқанда, ол елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығын жаңғыртуды жеделдетуге, агроөнеркәсіптік тізбекті және терең өңдеуді дамытуға, экспорттық әлеуетті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ғылыми база мен кадрлар даярлау жүйесін нығайтуға ықпал етеді.
Аталған жоба Орталық Азияда алғаш рет өңірлік билік органдары, университет және ірі қытайлық инвестициялық компанияның қатысуымен жүзеге асырылып отырған, инвестициялар, ғылым және технологияларды біріктіретін кешенді жоба болып табылады. Қазіргі уақытта жоба іске асыру кезеңінде және Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті базасында жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді жоспарлап отыр, бұл Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға маңызды үлес қосады.
