Сөздәйектер галереясы
Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз.
ӨҢІРЛЕРДІ БІРІКТІРГЕН БАСТАМА: SERPIN WAY 2.0 БОЛАШАҚҚА ЖОЛ АШАДЫ
Қозыбаев университетінің командасы Петропавлдан оңтүстік облыстарға дейін және кері бағытта 6800 шақырымды еңсеріп, «SERPIN WAY 2.0» сапарын аяқтады.
Ауқымды жоба аймақтар мен қалаларды, алыстағы ауылдарды біріктіріп, 31 наурыздан бастап оқытушылар, студенттер, Мансап орталығының сарапшылары кіретін 24 адамнан тұратын команда маңызды кездесулер өткізді.
Керуен бағыты Қазақстанның жеті облысы (Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе) арқылы өтті. Команда 14 қаланы, 16 ауылды және аудан орталықтарын аралады. Жалпы 120-ға жуық іс-шаралар мен кездесулер өткізілді. 13 мыңнан астам оқушы өз болашағы туралы ақпарат алды. Диалогқа 1800-ден астам ата-ана қатысты. Қозыбаев университеті 2014 жылдан бастап қуатты әлеуметтік жобаға айналған «Серпін» бағдарламасына ерекше назар аударылды. Осы уақыт ішінде 1400-ден астам маман шығарылды.
Кездесу барысында оңтүстіктен келген жастарға гранттар, оқуға түсу шарттары мен инновациялық бағдарламалар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Олар Петропавлда білім ала отырып, Аризона университетімен қос диплом бағдарламасы аясында әлемдік деңгейдегі білімге қол жеткізу мүмкіндігі бар екенін түсінді.Сондай-ақ университет өзге қаладан келген студенттердің барлығын 100% жатақханамен қамтамасыз етеді.
Қозыбаев университеті SERPIN WAY жобасын екінші рет іске қосты.
Өткен жылғы табысты бастама өз нәтижесін беріп, жоба аясында оңтүстік өңірлерден 130-дан астам талапкер университетке оқуға түсті. Бұл сапар жастардың армандарын солтүстік өңірдің мүмкіндіктерімен тоғыстырған нақты көпірге айналды.
