"Манаш Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан университеті"
коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Үлкейтілген
Сөздәйектер галереясы

Таланттылар - раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашып, көңіл ашады.

Шерхан Мұртаза

Заркын Тайшыбай: личность, ставшая частью истории отечественной журналистики и науки

Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, белгілі ғалым, жазушы, зерттеуші, СҚО Құрметті азаматы, өмірін отандық журналистика мен гуманитарлық ғылымды дамытуға арнаған тұлға. Ал университеттің студенттері мен әріптестері үшін ол ең алдымен — дана тәлімгер, білікті педагог,  нағыз кәсіби маман.
ЖОО-да «Атыңнан айналайын, Қызылжарым!» атты Зарқын Сыздықұлы Тайшыбайға арналған конференция өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген Зарқын Сыздықұлының әріптестері, шәкірттері мен ізбасарлары, сондай-ақ Түркия мен Франциядан келген ғалымдар қатысты.
«Сіздің саналы ғұмырыңыз бен қажырлы еңбек жолыңыз – ұлт руханиятына, ғылым мен білімге, журналистика мен қоғамдық ой-санаға адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Отандық тарих пен әдебиеттану, Абайтану, Алаштану, Мағжантану және Абылайтану бағыттарында терең зерттеулер жүргізіп, қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіз. Мұрағат қорларынан жинақталған тың деректерге сүйене отырып жазған еңбектеріңіз халқымыздың тарихи жадын жаңғыртып, ұлттық сананың нығаюына зор ықпал етуде. Сіздің өнегелі өмір жолыңыз, ғылым мен ағартушылық саласындағы ерен еңбегіңіз кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз», — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің құттықтау хатында.
Зарқын Тайшыбай 1942 жылы 31 наурызда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Қазақ орта мектебін тәмамдаған соң колхозда механизатор болып еңбек етті. Кейін әдеби қызметкер, аудандық газет редакторының орынбасары, редактор, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін және журналистика тарихы бойынша аспирантураны бітірді.
Ғалымның еңбек жолындағы маңызды кезеңдердің бірі — Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-де журналистика кафедрасының құрылуына бастамашы болды.
2000 жылдан бастап Зарқын Сыздықұлы біздің ЖОО-да қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол университеттің дамуына, мамандар даярлауға және өңірдегі журналистік білім беру ісінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жолдаған құттықтау хатында: « Сіз 2000 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне келіп, өңірлік журналистиканың дамуына тың серпін бердіңіз. Ұстаздық жолдағы еңбегіңіз де ерекше құрметке лайық. Сіздің тәліміңізді алған қаншама жас журналист пен зерттеуші бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Шәкірттеріңіздің бойына елге қызмет ету, ұлт руханиятына адал болу қағидатын сіңіре білдіңіз. Ұлт руханияты жолындағы абыройлы қызметіңіз жалғаса берсін. Өміріңіздің ширек ғасырын Солтүстік Қазақстан өңірінің ғылымы мен білімін, тарихы мен журналистикасын дамытуға арнаған ерен еңбегіңіз үшін Сізге барша қызылжарлықтардың атынан шынайы ризашылығымды білдіремін»,- атап өтті.
Зарқын Сыздықұлының бастамасымен 2001 жылы университетте журналистерді мемлекеттік тілде даярлау басталды. Нәтижесінде кәсіби шеберлікке, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және жоғары білім стандарттарына негізделген қазақ тілді журналистиканың жаңа мектебі қалыптасты.
Конференцияға университет түлектері мен республикалық БАҚ өкілдері де қатысты. Олардың қатарында ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Жасын Биркенов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Сүйіндік Жанысбай, «Хабар» телеарнасының директоры Ерлан Атамбай, сондай-ақ белгілі журналистер, публицистер мен жазушылар болды.
Конференция қарсаңында университетте З.С. Тайшыбайдың шығармашылығына арналған мультимедиялық жобалар байқауы өтті. Салтанатты жағдайда жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар мен марапаттар табысталды:
— I орын — Сандуғаш Кайырбек, Ж-25к тобы;
— II орын — Амина Сиргебаева, ПвО-24 (kz-us) тобы;
— III орын — Кристина Слапинскайте, Ж-24 тобы.
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, 100-ден астам ғылыми мақалалардың, монографиялар мен оқу құралдарының авторы Зарқын Тайшыбай ғылыми әдебиеттің дамуына зор үлес қосты.
Университет қабырғасында профессордың есімі берілген арнайы кабинет ашылды. Бұл оның ұлттық білім мен ғылым саласына сіңірген елеулі еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айғағы. Конференцияға қатысушылар ғалымның ғылыми-педагогикалық мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ ОЗК жанындағы аллеяда профессор З.С. Тайшыбайдың есімі берілген арнайы атаулы шырша пайда болды.
Зарқын Сыздықұлы үшін ең үлкен марапат — әріптестерінің құрметі, шәкірттерінің алғысы мен студенттердің шынайы сүйіспеншілігі.
Оқу ордамыздың ұжымы Зарқын Сыздықұлына мінсіз еңбегі, тәлімгерлік даналығы, университетке деген адалдығы, ғылым мен туған мәдениетке сіңірген еңбегі үшін шынайы ризашылығын білдіреді. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Алдағы уақытта да ғылым жолындағы табыстарыңыз артып, шәкірттеріңіздің құрметі мен ыстық ықыласына бөлене беруіңізге тілектеспіз!
22.05.2026