"Манаш Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан университеті"
коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Үлкейтілген
Сөздәйектер галереясы

Оқи берсең, көзің ашылады, Отыра берсең, ұйқы басынады.

Мақал

Қозыбаев университетінің кітапханасында көру қабілеті бұзылған студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер

ЖОО кітапханасының оқу залында көру қабілеті бұзылған студенттерге арналған арнайы оқу құрылғысы орнатылды. Бұл заманауи технология баспа мәтіндерін, кітаптар мен құжаттарды өз бетінше оқып, оқу материалдарын еркін меңгеруге мүмкіндік береді.

Құрылғының жұмыс жүйесі қарапайым әрі ыңғайлы: кіріктірілген камера немесе сканер мәтінді түсіріп, бағдарлама басылған таңбаларды таниды. Кейін мәтін дыбыстық форматқа ауыстырылып, динамик немесе құлаққап арқылы оқылады. Мұндай технология студенттердің ақпаратқа қолжетімділігін арттырып қана қоймай, олардың академиялық және әлеуметтік ортаға бейімделуіне де ықпал етеді.

«Жаңа жабдық университетте қолжетімді әрі инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында сатып алынды. Құрылғы студенттерге 20 тілде оның ішінде қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі оқу және ғылыми әдебиеттермен өз бетінше жұмыс істеуге мүмкіндік береді», — деді кітапхана директоры Асия Ермишева.

Қазіргі таңда университетте көру қабілеті бұзылған 16 студент білім алады.

«Оқу құрылғысы студенттердің кітапхана ресурстарын пайдалану мүмкіндігін едәуір кеңейтеді. Олар енді баспа басылымдарымен, оқу материалдарымен және түрлі құжаттармен өз бетінше жұмыс істей алады. Бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің сапалы білім алуына оң әсер етеді», — деп атап өтті Қозыбаев университетінің инклюзивті білім беру орталығының басшысы Акжан Карим.

Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін кітапханада Брайль қарпімен басылған әдебиеттер, кітаптардың аудио нұсқалары және цифрланған басылымдар қолжетімді.

Университет кітапхана кеңістігін жаңғыртып, заманауи инклюзивті технологияларды енгізу арқылы қолжетімді білім беру ортасын дамытуға басымдық береді.

28.05.2026