Сөздәйектер галереясы
Біреудің бойынан кемшілік іздеме - өнер ізде.
Ғалымдар мен бизнес өкілдері өңірдің технологиялық мәселелерімен бірлесіп жұмыс істейді
Қозыбаев университетінде «Ғылым мен бизнес – Солтүстік Қазақстан облысының өңірлік өсімінің негізі: 2026–2028» атты өңірлік стратегиялық сессия басталды. Үш күндік іс-шара Солтүстік және Орталық Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін трансформациялауға бағытталған. Сессия Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің, «Ғылым қоры» АҚ-ның және Simcon Kazakhstan консалтингтік компаниясының қолдауымен ұйымдастырылуда.
«Біз мұндай сессияны алғаш рет 2024 жылы өткіздік. Ғалымдарымыздың зерттеу нәтижелері нақты технологияларға, сұранысқа ие өндірістерге және өңірдің дамуына қызмет етуі тиіс деп есептейміз. Стратегиялық сессия аясындағы жұмыс Солтүстік Қазақстан облысының дамуына және елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосатын жаңа жобалардың қалыптасуына негіз болады деп сенемін», — деді хакатон қатысушыларын құттықтаған Басқарма Төрағасы – Ректор Ербол Исақаев.
Ғылыми-технологиялық сессияға агроөнеркәсіп, мал шаруашылығы салаларының өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары, машина жасау зауыттары мен өндірістік компанияларды қоса алғанда, 40-тан астам ұйым қатысуда. Бизнес өкілдері нақты технологиялық сын-қатерлерді айқындаса, сарапшылар ұсынылған шешімдердің коммерциялық әлеуетін талдап, нарық сыйымдылығы мен даму мүмкіндіктерін бағалайды.
Қатысушылар үш негізгі бағыт бойынша шешімдер әзірлейді:
- Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру: еріген суды жинау және басқару жүйелері; көміртекті орман-қорғау белдеулері;топырақ құнарлылығын бақылаудың өңірлік жүйесі; күнбағыстың ерте пісетін сорттарын іріктеу және бейімдеу және т.б.
- Мал шаруашылығын әртараптандыру: жоңышқадан жемшөп түйіршіктерін өндіру; лагуна қалдықтарын биотехнологиялық жолмен қайта пайдалану;
бейімделген мал тұқымдарының генетикалық көбеюі мен селекциясы және т.б. - Машина жасауды әртараптандыру: реверс-инжиниринг; 3D-басып шығару; автоматтандыру; материалтану және т.б.
Сессия қорытындысы бойынша 6 стратегиялық өңірлік ғылыми жоба әзірленіп, өңір кәсіпорындарының ғылыми-инновациялық серпінін қамтамасыз ету мақсатында ғылыми ұжымдар мен бизнес арасында тұрақты консорциумдар құрылады.
