Сөздәйектер галереясы
Егер біздің қоғам дұрыс ұйымдастырылған болса, онда ғылымдардың ішіндегі ең маңыздысы педагогика болар еді, ал оның мақсаты әр балада өзіне тән және тек оған ғана тән асыл дарынын тауып, дамыту болар еді.
Профессор З.Тайшыбай тағы бір кітабын жарыққа шығарды
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың профессоры Зарқын Тайшыбай қазақтың құнды кітаптарының қатарына тағы бір туындысын қосты. ХХ ғасырдың басында Петропавлда жарық көрген «Жас азамат» пен «Есіл даласы» газеттерінің тарихын жандандырған кітаптың тұсау кесері №3 оқу корпусының М.Жұмабаевқа арналған дәрісханасында өтті.
Абылайтанудың ғылыми негізін қалыптастырған Зарқын Сыздықұлы осы күнге дейін 7 монография, 4 оқу құралын жарыққа шығарып, 100-ден аса ғылыми мақала жазған. Бүгін міне солардың қатарына бір ғасыр бұрынғы тарихи газеттер туралы ескіні жаңғыртқан кітабын оқырман назарына ұсынып отыр. Еңбектің құндылығы сода, ол 1913-1919 жылғы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен, «Алашорда» үкіметінің қызметінен хабар береді.
Кітапқа арқау болған «Жас азамат» газеті қазақ даласында жарық көрген тұңғыш жастар басылымы. Оның шығуына сол кезде жасы 20-ның ар жақ, бер жағында болған Смағұл Садуақасов, Қошке Кемегеров, Мағжан Жұмабаев сынды жастар ат салысқан. Ал «Есіл даласы» - өлкемізде орысша-қазақша ақпарат таратқан алғашқы қалалық прогрессшіл газет.
Шара барысында жиналғандарға кітаптың маңызы түсіндірілді. Өңіріміздегі белді тұлғалар ой-пікірлерін білдірді.
Қазақтың алтын қорын бір кітапқа байыта түскен профессор Зарқын Сыздықұлы алдағы уақытта жарыққа шыққан туындысын Астанаға апарып, күллі елге таныстыруды мақсат етіп отыр.