2018 жылдың қарашаның 23-і М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да жоғары және арнайы орта оқу орындары студенттері арасында «Тілдерді білу – қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі факторы» тақырыбында аймақтық полиглоттар байқауы өтті. Аталмыш шара тіл және әдебиет институтында ұйымдастырылды.
Сайысқа құрамы 3 студенттен тұратын 6 команда ат салысты. Олар: Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаты, ҚР Ұлттық ұланның Әскери институты, Солтүстік Қазақстан медициналық колледжі, Гуманитарлық техникалық колледж, Б. Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжі мен СҚМУ студенттері.
Полиглоттар байқауы 5 кезеңнен тұрды. 1-шісі «тұсаукесер» деп аталды, онда әрбір команда өздерін таныстырды. «Кім жүйрік» 2-ші кезеңде командаларға 3 тілде сұрақтар қойылды. 3-ші айналымда студенттер үш тілде берілген өлеңдерді мәнерлеп оқыды. 4-ші «полиглот» кезеңінде қатысушылар мақал-мәтелді толықтырып, сол сөзді 3 тілде жазды. Ал соңғы додада әрбір топ «Рухани жаңғыру» мақаласынан берілген үзіндіге пікір білдірді.
Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында көптілділікті рухани құндылық ретінде насихаттау, оларды толерантылыққа, мәдениаралық коммуникациялық құзыреттілікке тәрбиелеп, тіл үйренуге ынталандыра түсу.
Сайыстың нәтижесі бойынша 3 орынды ҚР Ұлттық Ұлан Әскери институты иеленді, 2-ші орынмен М. Қозыбаев атындағы СҚМУ марапатталды. Ал жеңімпаз болып Б. Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжі атанды.