2018 жылдың желтоқсанның 21-і сағат 16.00-де №2 қалалық өрт сөндіру бөліміне хабар келді. Азамат ағылшын тілінде М. Қозыбаев атындағы СҚМУ № 10 корпусында өрт шыққаны туралы айтты. Ғимараттың 3-ші қабаты қара түтінге оранып, ондағы шетелдік студенттер құлыпталып қалған. Қуанышқа орай, бұл өрт-тактикалық оқу-жаттығудың сценариі.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты-өрт сөндірушілердің, университет қызметкерлерінің және ғимаратта тұратын адамдардың өрт туындаған жағдайда бірлескен іс-қимылдарын пысықтау. Атап өткен жөн, осы корпустың жоғары қабаттары жатақханаға қайта жабдықталғандықтан, сол себепті объект төтенше жағдайға ұшырауы әбден мүмкін.
Небәрі 3 минуттың ішінде № 10 корпустан 64 адам эвакуацияланды. Сонымен қоса, бұл ғимараттың өрт дабылқаққышы уақытында іске қосылды. Сценарий бойынша, 4-ші қабаттағы қалың түтіннің салдарынан студенттер сыртқа шыға алмай қалды. Өрт сөндірушілер оларды арнайы баспалдақ арқылы құтқарды. Айта кету керек, құтқарушылар оқиға орнына 2 минут ішінде келіп жеткен.
Осылайша, қызыл жалын аз уақыт ішінде ауыздықталды. Университет базасында өткен оқу-жаттығуға Петропавл қалалық № 2, № 3 өрт сөндіру бөлімдерінің 30-дан астам қызметкерлері ат салысты. Шараға қатысушылардың пікірінше, осындай профилактикалық жаттығуларды өткізу маңызды әрі қажет.