"Манаш Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан университеті"
коммерциялық емес акционерлік қоғамы
Үлкейтілген
Біз QS әлемдік рейтингіне ендік!
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті алғаш рет беделді QS әлемдік рейтингіне енді, бұл білім мен ғылым саласындағы жоғары деңгейімізді дәлелдейді. Бұл – бүкіл ұжым үшін үлкен жетістік және халықаралық танылуға бастар жол!
Қос диплом - қос мүмкіндіктер!
Kozybayev University болашаққа шақырады! Біз Аризона (АҚШ) Университетімен бірлесіп, әлемдік деңгейдегі білім мен халықаралық перспективаларды ұсынамыз. Бағдарламаның басты бетінде қабылдау шарттарын біліңіз. Қабылдау комиссиясының телефоны 8(7152) 49-30-37.
Білім алу – ешқашан кеш емес!
Егер сіздің жасыңыз 50-де немесе одан көп болса – бұл тоқтауға себеп емес, керісінше, өмірдің жаңа бетін бастауға тамаша мүмкіндік. Күміс университеті Сізді қызықты курстарға шақырады: цифрлық дағдылардан бастап шет тілдеріне дейін, йогадан бастап шығармашылық шеберлік сабақтарына дейін. Біздің қауымдастыққа қосылыңыз және өзіңізден жаңа мүмкіндіктерді ашыңыз!
AI-Sana KU-де!
AI-Sana жобасы - болашаққа жасалған қадам. Бұл жерде студенттер тек жасанды интеллектті үйреніп қана қоймай, оны өздері де жасайды. Базалық курстардан бастап – стартаптар мен университетке нақты енгізуге дейін. Біздің жобалар.
Astana Hub ұсынған Startup Academy тегін курсы. Тіркелу сілтемесі.
Стратегиялық серіктестер
«Стратегиялық серіктестер» бөлімі Kozybayev университетінің жетекші білім беру, ғылыми және индустриялық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастығының негізгі бағыттарын және тұрақты серіктестік одақтарын көрсетеді, бұл студенттер мен зерттеу қызметі үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Тұрақты даму
Kozybayev University тұрақты даму идеясын қолдайды және оны іске асыруға нақты үлес қосады. Біз қазіргі заманғы білім тек білім беріп қана қоймай, қоршаған ортаға, экономикаға және қоғамға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға тиіс екеніне сенімдіміз. Университет жаңа ұрпақты жауапты шешімдерге шабыттандыра отырып, осы бағыттағы жұмысын кеңейтуді жалғастыруда. Толығырақ.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қозыбаев университетінің 2026 жылғы қабылдау науқанының басталуына арналған брифинг өтт Kozybayev University
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қозыбаев университетінің 2026 жылғы қабылдау науқанының басталуына арналған брифинг өтт

Биыл ұлт руханиятының көрнекті өкілі, Алаш қайраткері әрі қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 133 жыл толып отыр. Осыған орай Қозыбаев университетінде ақынның шығармашылық мұрасын ұлықтауға арналған «Мағжан Жұмабаев: Тұлға, әдеби үрдіс және тілтаным» халықаралық ғылыми-практикалық жиын өтті. Іс-шара басталар алдында қонақтар, қалалық саябақтағы ескерткіш жанында Мағжан Жұмабаев пен оның әкесі Бекен Жұмабаевтың рухына құран бағыштап, ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиынның шымылдығын ашқан С.Мұқанов ат. Қазақ сазды-драма театрының әртістері  белгілі жазушы Дулат Исабековтың «Өйтпесе Мағжан бола ма?» драмасынан әсерлі сахналық қойылым қойды. Халықаралық басқосуға еліміздің түрлі өңірлерінен және шетелден ғалымдар, зерттеушілер, оқытушылар қатысты. Конференция барысында баяндамашылар Мағжан Жұмабаевтың әдеби мұрасы, педагогикалық және философиялық көзқарасы, сондай-ақ оның шығармашылығының қазіргі білім беру және тілтану салаларымен сабақтастығына қатысты зерттеулерімен бөлісті. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова Мағжан Жұмабаевтың ұлттық тәуелсіздік идеясын дәріптеудегі және түркі халықтарының рухани тұтастығын нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды : «Мағжан Жұмабаев Алаш қозғалысының рухани тіректерінің бірі болды. Саяси белсенді тұлға ретінде отарлық езгіге қарсы тұрып, ұлттық бірлікті түркі халықтарының ынтымағын үнемі насихаттады. Сондықтан оны  түркі әлемінің ұлы ақыны, ұлттық тәуелсіздік идеясының рухани жаршысы деп айтамыз. Оның өмірі мен шығармашылығы қазақ халқының азаттыққа деген мәңгілік ұмтылысын бейнелейді». Мағжан Жұмабаев туған өлкесінің көркем табиғатын, азаттық пен еркіндік идеясын шығармаларына арқау етті. Ақынның «Қазақ тілі», «Қазағым» сынды туындылары қоғамның  санасын оятып, білімге үндейді. Қозыбаев университетінің ұл-қыздары мен ҚР Ұлттық ұланы академиясының курсанттары «Абай-Мағжан үні – бабалар аманаты » атты әдеби композиция ұсынып ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Шара соңында қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.

Әрі қарай оқу
19 маусым 2026
Құжаттарды қабылдау-2026 Kozybayev University
Құжаттарды қабылдау-2026

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қозыбаев университетінің 2026 жылғы қабылдау науқанының басталуына арналған брифинг өтті. Биыл құжаттарды қабылдау 20 маусымда басталады. Талапкерлер құжаттарын eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы онлайн немесе Петропавл қ., Пушкин к-сі, 86Б мекенжайы бойынша офлайн түрде тапсыра алады. «Біз оқуға түсу процесін барынша ыңғайлы, ашық әрі цифрландырылған форматқа көшірдік. Өзге өңірлерден келетін студенттер үшін баспана мәселесі маңызды. Оқудың барлық кезеңінде жатақханаға мұқтаж жандардың барлығына орын беруге кепілдік береміз. Орналасуға өтінішті қашықтан — онлайн режимде де өткізуге болады », - деп атап өтті Қозыбаев университетінің  академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі Айгүл Нұрпейісова. Дене шынықтыру және спорт, АӘД, музыкалық білім беру, мәдени-демалыс жұмысы, дизайн, журналистика бағыттары бойынша шығармашылық мамандықтарға түсуге ниет білдірушілер 20 маусым мен 7 шілде аралығында құжаттарды тапсыра алады. Шығармашылық емтихандар грант негізінде оқуға түсушілер үшін 7–9 шілде аралығында, ал ақылы бөлімге түсушілер үшін 20–22 тамыз аралығында өткізіледі. Қабылдау науқанының барлық кезеңінде - 20 маусымнан 24 тамызға дейін-Медициналық және педагогикалық білім беру бағдарламаларына түсушілер үшін арнайы емтихандар ұйымдастырылады. Білім гранттары конкурсына құжаттар 13-20 шілде аралығында қабылданады. Биыл Қазақстан бойынша 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік білім гранты бөлінді, оның ішінде бакалавриатқа - 75 мыңнан астам грант қарастырылған. «Құжаттарды қабылдау демалыссыз жүргізіледі. Университетіміздің техникалық хатшылары тұрақты түрде білім беру бағдарламалары, жеңілдіктер беру шарттары және білім беру гранттарының түрлері бойынша кәсіби кеңес береді. Талапкерлер 4 білім беру бағдарламасы мен 4 жоғары оқу орнын таңдай алады», - деді Қозыбаев университетінің  қабылдау және рекрутинг кеңсесінің жетекшісі Гүлмира Оспанова. Қозыбаев университеті Аризона университетімен серіктестікте қос дипломның 6 бағдарламасына талапкерлерді қабылдайды. Биыл оларға ақпараттық жүйелер, бизнес және менеджмент, педагогика мен биотехнологиядағы инклюзия бойынша 200 грант бөлінді. «Бүгінде қос диплом бағдарламалары қазақстандық студенттерге елден шықпай-ақ әлемдік деңгейдегі білім алуға, сондай-ақ оқытудың бірінші курсынан бастап Халықаралық академиялық қоғамдастықтың бір бөлігі болуға мүмкіндік береді. Қос диплом бағдарламаларына түсу үшін талапкерлер  ағылшын тілін білу деңгейін растау қажет. Ол үшін IELTS нәтижесі кемінде 5.0-ден төмен емес, Duolingo 60 баллдан төмен емес, TOEFL IBT 42 баллдан төмен емес, TOEFL ITP 460 баллдан төмен емес немесе Қозыбаев университетінің (KUEPT) ішкі тестілеу нәтижесі 70 баллдан төмен емес (аталған тестті университеттің ресми сайтында онлайн тегін тапсыруға болады). Талапкерлер ағылшын тілін меңгеру деңгейін растағаннан кейін ғана мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарын тапсыра алады», - деді Қозыбаев университетінің Халықаралық кампусының атқарушы директоры.   Сонымен қатар жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына түсушілер үшін қабылдау мерзімі бекітілді: * Докторантура: өтініштерді қабылдау 3 шілде мен 3 тамыз аралығында, қабылдау емтихандары 15-21 тамыз аралығында өтеді. * Магистратура: гранттар конкурсына өтініштерді қабылдау 12 тамызда басталып, 15 тамызда аяқталады. * Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына түсушілермен әңгімелесу екі кезеңде — 13-20 тамыз және 18-21 тамыз аралығында өтеді. * Магистратура мен докторантураға қорытынды қабылдау 28 тамызда өтеді. Университетке құжаттарды жалпы қабылдау 25 тамызға дейін, яғни, 20 маусым мен 28 тамыз аралығында жалғасады.

Әрі қарай оқу
19 маусым 2026
АҚ-ИРИЙ ҚАЛАШЫҒЫНАН АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНЕ ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ДЕРЕКТЕР ТАБЫЛДЫ Kozybayev University
АҚ-ИРИЙ ҚАЛАШЫҒЫНАН АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНЕ ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ДЕРЕКТЕР ТАБЫЛДЫ

Қозыбаев университетінің ғалымдары мен студенттері Солтүстік Қазақстандағы ежелгі «Ақ-Ирий» қалашығында жүргізілген биылғы археологиялық маусымның жұмыстарын аяқтады. 17 күнге созылған экспедиция барысында көптеген құнды деректер мен тың жаңалықтар жинақталды. Қоныс Солтүстік Қазақстан облысындағы Долматово ауылының маңында биік үшбұрышты мүйісте орналасқан, үш жағынан 40 метрлік өзен жартастарымен қорғалған, ал екінші жағынан қорған бекіністерімен бөлінген. Ғалымдардың пікірінше, нысан қорғаныс қызметімен қатар діни рәсімдер өткізуге, шаруашылық жүргізуге, сауда қатынастарын дамытуға және шекаралық бақылауды жүзеге асыруға пайдаланылған. Археологтар бұл нысанда 22 жылдан астам уақыт бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы кезеңде өңірді мекендеген тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінен сыр шертетін көптеген құнды жәдігерлер анықталды. Биыл ғалымдар қалашық аумағынан табылған сүйек пен көмір үлгілеріне жүргізілген радиокөміртектік сараптама нәтижелерін алды. Зерттеу Литваның Вильнюс қаласындағы арнайы зертханасында жүргізілді. Органикалық материалдардың жасын анықтауға мүмкіндік беретін С14 радиоактивті изотопы бойынша жүргізілген сараптама қалашықтың Алтын Орда дәуіріне жататынын растады. Мемлекет басшысы Қазақстанның Ұлы дала көшпелі өркениетінің тікелей мұрагері екенін және Алтын Орда мұрасын зерттеу мен дәріптеудің маңызды екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Ақ-Ирий қалашығында жүргізілген зерттеулер орта ғасырларда Солтүстік Қазақстан өңірінде сауда-саттық пен өндірістің дамығанын көрсетеді. Биылғы археологиялық маусымның олжалары металл балқыту үшін пайдаланылған пеш құрылымдары болды. Бұл сол кезеңдегі металлургиялық өндіріс технологияларының жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді. Сонымен қатар ет дайындауға арналған ірі құрылыстар анықталды. Археологтар өндірістік нысандардан күйдірілген кірпіштің сынықтарын, металл өңдеудің іздерін тапты. Ал жекелеген шұңқырлардан жануарлардың сақталған қаңқалары мен балық сүйектері табылды. Солтүстік Қазақстанның белгілі археологы, профессоры Анатолий Плешаков бірегей ескерткішті 1968 жылы ашқан. «Алғашқы болжамдарымыз бойынша бұл аумақтағы алғашқы қоныс ерте темір дәуіріне жатады. Кейін бұл жер Алтын Орда дәуірінде қайта игерілген. Біз темір балқытуға арналған ерекше пештерді анықтадық. Әзірге олардың үшеуі ғана зерттелді. Сонымен қатар өзен жағалауынан өте ірі құрылыстарды таптық. Зерттеу нәтижесінде олардың ет ыстауға арналған нысандар екені анықталды. Осындай ауқымды құрылыстарды Еуразия кеңістігі бойынша ғылыми еңбектерден де, халықаралық конференциялар материалдарынан да кездестірген емеспін. Болжам бойынша мұнда үлкен әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ет дайындалған. Яғни бұл өзіндік ортағасырлық «ет комбинаты» болған», - дейді Қозыбаев университетінің профессоры Анатолий Плешаков. Археологтардың айтуынша, қазба барысында ұсақ тұрмыстық заттар көп табыла қойған жоқ. Бұл тұрғындардың қонысты асығыс тастап кетпей, өздеріне қажетті мүліктерін алып кеткенін аңғартады. Дегенмен олардың бұл жерден не себепті көшкені әзірге белгісіз. Зерттеу барысында тұрмыстық бұйымдар, сүйек қалдықтары, қыш және керамикалық ыдыстардың сынықтары, жебе ұштары, сондай-ақ антропоморфтық өрнектермен безендірілген әшекей бұйымдар табылды. Экспедиция құрамында университеттің 20-дан астам бірінші курс студенті жұмыс істеді. Қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан аумаққа мектеп оқушылары мен студенттер үшін экскурсиялар ұйымдастырылады. Жастардың тарихи мұраға деген ерекше қызығушылықтары ғалымдарды Ақ-Ирий қалашығының аумағында тарихи-туристік кластер құру идеясын әзірлеуге ынталандырды. Бұл бастаманы жүзеге асыруға дамыған инфрақұрылым, нысанның Петропавл қаласына жақын орналасуы және Есіл өзенінің бойындағы көркем табиғи орта қолайлы мүмкіндік береді. Ашық аспан астындағы мұражай құру мәселесі пысықталып жатыр. Қозыбаев университетінің «Тарих» білім беру бағдарламасының бітіруші студенті Мария Чмир осы жоба тұжырымдамасын Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовке таныстырды: «Бұл нысан халықаралық деңгейдегі тарихи-мәдени орталыққа айналуы тиіс. Біз аумақтың басты жоспарын әзірледік. Жоба аясында «даладағы қазба жұмыстары» форматындағы экскурсиялар өткізуді ұсынамыз. Қазіргі таңда меймандар мұражайдағы дайын экспонаттарды ғана емес, нақты уақыт режимінде жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулерді көруге қызығушылық танытады. Сонымен қатар мұнда музей павильондарын, «Темір дәуіріндегі түн» этно-аймағын және ежелгі обсерваторияның реконструкциясын ұйымдастыруды ұсынамыз», - дейді Мария Чмир. Айта кетейік, «Ақ-Ирий» қалашығы Солтүстік Қазақстанның киелі нысандарының тізіміне енгізілген.  

Әрі қарай оқу
19 маусым 2026
Қозыбаев университеті робототехника және мехатроника саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтеді Kozybayev University
Қозыбаев университеті робототехника және мехатроника саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтеді

Қозыбаев университетінің өкілдері Астанада өткен «Цзянсу - Орталық Азия» білім және өнеркәсіп интеграциясы Альянсының ауқымды форумының жұмысына қатысты. Шара аясында  университетіміз, Накин технологиялық мехатроника институты және «C2K International Education» ЖШС қазақстандық компаниясы арасында ынтымақтастық туралы үшжақты шарт жасалды . Келісім арқасында білім алушылар, ғалымдар мен оқытушылар ҚХР –да роботтандырылған кешендер мен мехатроника бағыттары бойынша тағылымдамадан өте алады. ПО құраммен алмасу, PhD диссертацияларды басқару, сондай-ақ магистранттарды оқыту және бірлескен қос дипломды бағдарламаларды ашу іске асырылады. ЖОО студенттері ҚХР-да іске асырылған ЖИ саласындағы Халықаралық инновациялар конкурсы (IEIC) шеңберінде өткен Орталық Азия робототехникасы бойынша арнайы жарыста жүлделі орындарға ие болды. «Көлік және машина жасау» кафедрасының білім алушылары Александр Сивун, Максат Аманжолов және Дмитрий Лифанский (NorthBotics командасы) Қазақстан, ҚХР және Орталық Азия елдерінен келген 15 қатысушы команда арасында зияткерлік сайыста жоғары нәтиже көрсетті! «5 нысанды анықтап, кедергілерді айналып өту арқылы оларды жинақтау аймағына жеткізумен ақылды қойма мен ауыл шаруашылығы жинау процесін модельдеу» техникалық тапсырмасы бойынша команда  III орынды иеленді. Ал «Келушілерді тауып, динамикалық кедергілерді еңсере отырып, екі тілдік ортада (EN/CH) робот-гидті бағдарламалау» тапсырмасында одан да үздік нәтиже көрсетіп, II орын алды. Команданың ғылыми жетекшісі – аға оқытушы Максим Рахматуллин. Университетіміздегі  «Машина жасаудағы Робототехника» білім беру бағдарламасы үшін бұл үлкен серпіліс. Қатысушылар мен оқытушылар құрамын жоғары жетістіктерімен құттықтаймыз!

Әрі қарай оқу
15 маусым 2026
Үндістандағы халықаралық тағылымдама Kozybayev University
Үндістандағы халықаралық тағылымдама

Қозыбаев университетінің  өкілдері Үндістандағы O.P. Jindal Global University ұйымдастырған Naveen Jindal Young Global Research Fellowship (NJYGRF) халықаралық ғылыми-зерттеу бағдарламасына қатысуда. O.P. Jindal Global University — QS халықаралық рейтингтерінде жоғары орындарға ие, ағылшын тілінде білім беретін және халықаралық құрамымен ерекшеленетін Үндістанның жетекші жекеменшік көпсалалы университеттерінің бірі. Мұнда әлемнің 100-ден астам елінен келген 16 мыңнан астам студент білім алады. Бір айға созылатын бағдарлама әлемнің түрлі елдерінен келген зерттеушілер мен оқытушыларды біріктірді. Бағдарлама тәжірибе алмасуға, ғылыми пікірталастар жүргізуге және заманауи зерттеу бағыттарымен танысуға мүмкіндік береді. Тағылымдама барысында қатысушылар халықаралық сарапшылардың дәрістеріне қатысып, ғылыми зерттеулердің озық тәсілдерін меңгеріп, әртүрлі мемлекеттерден келген әріптестермен кәсіби байланыс орнатып, болашақтағы бірлескен жобалардың негізін қалыптастырады. Халықаралық тағылымдама – жаңа білім мен тәжірибе алуға, кәсіби көкжиекті кеңейтуге және академиялық серіктестікті нығайтуға жол ашатын маңызды алаң. Алынған тәжірибе университетіміздің ғылыми әлеуетін арттыруға, студенттердің сапалы білім алуына және халықаралық ынтымақтастықтың дамуына жағдай жасайды

Әрі қарай оқу
11 маусым 2026
Университет қабырғасында «Саналы Ұрпақ» жобалық кеңсесінің ерікті студенттері марапатталды Kozybayev University
Университет қабырғасында «Саналы Ұрпақ» жобалық кеңсесінің ерікті студенттері марапатталды

Жыл бойы белсенділер академиялық адалдықты қамтамасыз етуге, зейнеткерлерге көмек көрсетуге, студенттерді қолдауға бағытталған түрлі іс-шараларға қатысты. ЖОО  еріктілері «Таза сессия» акциясын өткізуге, жатақханаларға  мониторинг жасауға атсалысады. Рәсім барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, академиялық адалдықты және қазіргі заманғы өзара көмек мәдениетін қалыптастырудағы еріктілер қызметінің жоғары маңыздылығы атап өтілді. Белсенді азаматтық ұстанымы, қайырымдылық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға қосқан жеке үлесі, сондай-ақ «Саналы Ұрпақ» жобалық кеңсесінің іс-шараларын өткізуге көмек көрсеткені  үшін үздік еріктілерге алғыс хаттар табысталды. Барлығы 10 белсенді студент марапаттарға ие болды.

Әрі қарай оқу
11 маусым 2026
Студенттерді марапаттау рәсімі Kozybayev University
Студенттерді марапаттау рәсімі

ЖОО-да 2026 жылғы республикалық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлерін, сондай-ақ магистранттар мен докторанттар арасында өткен «Үздік ғылыми әзірлеме» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Біздің студенттер республикалық деңгейде ЖОО-ның намысын абыроймен қорғап шықты. Олар 16 жеке және командалық жүлдеге ие болды. «Құқық» бағыты бойынша I орын — Дмитрий Павлов. Ғылыми жетекшісі — аға оқытушы Алтын Сералина. «Арнайы педагогика және инклюзивті практика» бағыты бойынша I командалық орынды — Семён Лабодрыга мен Глеб Нос иеленді. Жетекшісі — аға оқытушы Бейнегуль Бекболатова. «Музыкалық білім беру» білім беру бағдарламасы бойынша II орын — Виктория Пытьева. Неміс тілі бойынша II орын — Даниэль Брух. Ағылшын тілі бойынша II орын — Анастасия Кошкарова. «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша II орын — Аяулым Ахметжан. «Биология» бейіні бойынша жаратылыстану пәндерінен II командалық орын — Аружан Ашимова, Жанерке Есілбай, Гулжайна Толепбаева. «Телекоммуникациялар» бағыты бойынша III орын — Дмитрий Ивченко. «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» бағдарламасы бойынша III орын — Аделия Орынбасар. Француз тілі бойынша III орын — Биржан Казбеков. «Биотехнология» бағыты бойынша III командалық орын — Даниил Герасимов, Кристина Борисова, Алина Бегунова. Робототехника бойынша III командалық орын — Максим Сумкин, Михаил Бочанцев, Богдан Кормин. «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» бағдарламасы бойынша III командалық орын — Камилла Жасуланова, Анелия Кожагулова, Еркежан Еслямова. Бастапқы әскери дайындық бойынша III командалық орын — Анатолий Пипко, Расул Касенов, Қайсар Мусин. «Химия мұғалімдерін даярлау» бағыты бойынша III командалық орын — Валерия Астапова мен Анна Солоненко. «Биология» бағыты бойынша III командалық орын — Аружан Исахова, Салтанат Тоқтарбай, Саят Шинберген. Ғылымда, спортта және университеттің қоғамдық өмірінде белсендік танытқан студенттерге алғыс хаттар берілді. Сондай-ақ, отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып жүрген жас ғалымдар да марапатталды. Олар 200 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. Магистранттар мен докторанттар арасында өткен «Үздік ғылыми әзірлеме» байқауының жеңімпаздары: * Алена Яневич — МЖҒФ докторанты («Су ортасын ауыр металдардан және радионуклидтермен байланысты ластаушы заттардан тазартуға арналған инновациялық MOF/ZIF-криогельді сорбенттер» жобасы); * Юлия Терехина — ТжӘИ 2-курс магистранты («Ағылшын тілінің практикалық курсы: 1 курс. В.Д. Аракин оқулығына арналған цифрлық ресурстық пакет» жобасы); * Екатерина Драузина — ПФ2-курс магистранты («Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларда қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру бағдарламаларын әзірлеу» жобасы). Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа жетістіктерге жетіп, ғылым мен білімнің биік шыңдарын бағындыра беріңіздер!

Әрі қарай оқу
10 маусым 2026
Болашағы зор серіктестік Kozybayev University
Болашағы зор серіктестік

Білім ордамызға Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті (NWAFU) ректорының көмекшісі Шан Вэйсин, сондай-ақ Guanghua Agricultural Products компаниясының бас менеджері Ли Цзиньян келді. Университет басшылығымен кездесуде алдағы бес жылға арналған Жол картасын қалыптастыру және әріптестікті одан әрі дамытудың негізгі бағыттары талқыланды. «Біз 10 жыл бойы табысты ынтымақтастық орнатып келеміз. Бірлескен жұмыстың келесі онжылдығы NWAFU-мен серіктес өндірістік кәсіпорындарды тартуға бағытталған нақты практикалық шешімдермен ерекшеленіп, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға және жобаларды өндіріске енгізуге жол ашады деп сенемін», — деді Басқарма Төрағасы – Ректор Ербол Исақаев. Қозыбаев университеті 2017 жылдан бері «Бір белдеу — бір жол» халықаралық бастамасы аясында Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен (NWAFU, Янлин қ., ҚХР) стратегиялық серіктестікті табысты дамытып келеді. Осы уақыт ішінде ынтымақтастық толыққанды академиялық әрі ғылыми серіктестік деңгейіне көтерілді. Бүгінде аграрлық бағыт бойынша екі бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында студенттер бір семестрді біздің ЖОО-да, ал үш семестрді Қытайда оқиды. Қазіргі таңда осы бағдарламалар бойынша білім алып жатқан екі магистрант Қытайда тағылымдамадан өтуде. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының біріне айналды. Әріптестік жылдары Қытайдан 100-ге жуық студент пен магистрант Қозыбаев университетінде білім алды, ал университеттің 30 студенті Қытайдың жоғары оқу орындарында оқыды. Қазіргі уақытта тағы 35 студент NWAFU базасында білім алады. Тараптар азық-түлік қауіпсіздігі, агрономия, селекция, су ресурстары және Солтүстік Қазақстан өңірі үшін өзекті басқа да бағыттар бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізеді. Университетте заманауи білім мен технологияларды енгізуге арналған агрокомпетенциялар орталығы құрылған. Сондай-ақ университеттің серіктестері — «Қызылжар Сүт» ЖШС мен «Мамбетов и К» КТ базасында демонстрациялық алаңдар ашылды. Бұл алаңдардың мақсаты — жемшөп сапасын жақсарту, жануарлардың өнімділігі мен салмақ қосуын арттыру бағытында бірлескен зерттеулер жүргізу. Сапар аясында қытайлық әріптестер Агротехнологиялық факультетінің деканы және оқытушыларымен бірге өңірдегі бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарына барды. Атап айтқанда, Тайынша ауданындағы «Aстык Stem», Қызылжар ауданындағы «Петро-Север» және «Елім Қызылжар» кәсіпорындарының жұмысымен танысты.

Әрі қарай оқу
05 маусым 2026
Студент Ислам Евлоев магистратурада оқуға грант алды Kozybayev University
Студент Ислам Евлоев магистратурада оқуға грант алды

Оқу ордамыздың студенті, грек-рим күресінің балуаны Ислам Евлоев магистратурада оқуға грант иеленді. Ол ел құрамасының мүшесі және халықаралық турнирлерде Қазақстан намысын абыроймен қорғап келеді. Мамыр айының соңында вьетнамның Дананг қаласында күрестен жастар арасындағы U23  чемпионаты өтті. Аталған додада Ислам 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде барлық белдесулерінде сенімді жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді. Бұған дейін  Ислам Евлоев жастар арасында әлем чемпионы атанып, ересектер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, Хорватияда өткен «Zagreb Open» рейтингтік турнирінің және Эр-Риядта ұйымдастырылған Ислам ынтымақтастығы VI ойындарының күміс жүлдегері. Ислам «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы бойынша білім алуда. Енді ол оқуын ЖОО қабырғасында магистратура деңгейінде жалғастырады. Магистратурада оқуға арналған сертификатты Басқарма Төрағасы – Ректор Ербол Исақаев табыстады. «Соңғы жылдары университетіміздің спортшылары жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Студенттерімізді жеңіс тұғырынан көру, біз үшін бұл — үлкен мақтаныш. Қолдау ретінде сізге магистратурада оқуға грант табыстаймыз», — деп атап өтті Ербол Исақаев. Қазіргі таңда Ислам 2026 жылдың қазан айында Астанада өтетін ересектер арасындағы әлем чемпионатына дайындалуда. Cәттілік тілейміз!

Әрі қарай оқу
05 маусым 2026
Университет студенттері мен қызметкерлері мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеуге қатысты Kozybayev University
Университет студенттері мен қызметкерлері мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеуге қатысты

Қаламыздың басты алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік акцияға оқу ордамыздың оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері қатысты. Өңір тұрғындарын мерекемен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі құттықтады. «Ту, Елтаңба және Әнұран - біздің тәуелсіздігіміздің, ұлттық мақтанышымыздың және халық бірлігінің қасиетті нышандары. Олар Ұлы даланың ғасырлар бойғы тарихын, ата-бабаларымыздың рухани күшін, бостандық пен жасампаздыққа деген ұмтылысын, Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімді бейнелейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси өзгерістер жағдайында мемлекеттік рәміздердің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Жаңа Конституцияның қабылдануы әділетті мемлекет құру жолындағы маңызды тарихи қадам болды. Жаңартылған Негізгі Заң мемлекеттің демократиялық негіздерін нығайтып, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтті, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтті. Сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын еліміздің қоғамдық дамуы мен тұрақты болашағының берік негізі ретінде айқындады », - деп атап өтті СҚО әкімі Гауез Нұрмұхамбетов.   Мұндай іс-шаралар студенттерге патриоттық құндылықтарды нығайтуға, белсенді азаматтық ұстанымды дамытуға және ұлттық дәстүрлерді құрметтеуге ықпал етеді.

Әрі қарай оқу
04 маусым 2026
дс.
сс.
ср.
бс.
жм.
сһ.
жс.
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30
COUNTER-STRIKE 2 ТУРНИРІ

Мектеп оқушылары мен студенттерді ашық CS2 турниріне қатысуға шақырамыз! Командаңды жинап, өз шеберлігіңді көрсетіп, мықтылармен бақ сынауға мүмкіндік ал!  20–21 маусым Kozybayev University, 1-оқу корпусы Команда құрамы: 5 ойыншы + 1 қосалқы ойыншы Қатысу жарнасы: 10 000 ₸ (командадан) Қатысушылар саны шектелмеген. Faceit/ELO деңгейіне қатысты талаптар жоқ.Тіркелу және толық ақпарат алу үшін @fcs_sqo парақшасына өтіңіз.

Құжат қабылдау науқанының басталуы – 2026

20 маусымнан бастап Kozybayev University 2026–2027 оқу жылына құжат қабылдауды бастайды. Құжаттарды eGov порталындағы жеке кабинет арқылы онлайн немесе университеттің қабылдау комиссиясына (Пушкин көшесі, 86Б) офлайн түрде тапсыруға болады. Талапкерлер білім беру бағдарламаларын таңдау, оқуға түсу шарттары, жеңілдіктер мен мемлекеттік білім гранттары бойынша кеңес ала алады. Гранттар конкурсына құжат қабылдау 13–20 шілде аралығында өтеді. 2026–2027 оқу жылына Қазақстан бойынша 89 457 мемлекеттік білім беру гранты бөлінген, оның ішінде 75 мыңнан астамы бакалавриат бағдарламаларына арналған. Сонымен қатар, университет Аризона университетімен бірлескен 6 қос дипломды білім беру бағдарламасына талапкерлерді қабылдауда. Ақпараттық жүйелер, бизнес және менеджмент, педагогикадағы инклюзия және биотехнология бағыттары бойынша 200 грант қарастырылған. Қабылдау комиссиясы демалыссыз жұмыс істейді. Құжаттарды қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.

Монолог М. Қозыбаев ат. СҚУ әскери кафедрасының бастығы, запастағы полковник Саржанов Рабирт Жәнібекұлының Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы «Қызықты адамдар клубы» жобасы аясындағы «Отанды қорғау – азаматтың қасиетті борышы әрі абыройы» монологы

Қазіргі қарқынды өзгеріп жатқан әлем жағдайында ұлттық қауіпсіздік, патриоттық тәрбие және азаматтардың жеке жауапкершілігі мәселелері алдыңғы қатарға шығып отыр. Осы тұрғыда әскердің рөлі мен жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің қоғам өміріндегі орны туралы ашық әрі шынайы әңгіме ерекше маңызға ие. Саржанов Рабирт Жәнібекұлы өзінің кәсіби жолы туралы айтып, әскери мамандықты таңдауға не себеп болғанын, сондай-ақ бүгінгі күні жинақтаған білім мен тәжірибесін студенттерге жеткізуді не үшін маңызды деп санайтынын бөлісті. Рабирт Жәнібекұлы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті әскери кафедрасының қызметі туралы кеңірек тоқталып, кафедра оқытушылары мен студенттерінің тарихи жадыны сақтау және әскери тарихтың ұмыт қалған беттерін қайта жаңғыртудағы үлесі жайында баяндады. Кафедра бастығы студенттерді іріктеу қалай жүргізілетінін, қандай мамандықтар бойынша білім алатынын, әскери-техникалық мектептердегі даярлықтың ерекшеліктерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол әскери тәртіптің азаматтық жоғары оқу орнында да маңызды екенін атап өтіп, студенттер үшін практикалық дайындықтың қай элементтері ең күрделі болып табылатынын айтты. Сонымен қатар, жастарды алаңдататын заманауи мәселелер де қарастырылды: барлық ер азаматтар әскери қызмет өткеруі тиіс пе, бүгінгі күні әскерде     әлімжеттік бар ма және оның алдын алу үшін қандай шаралар қабылдануда, қыздар әскери қызмет атқара ала ма, Қазақстан армиясындағы бір жылдық қызмет жеткілікті ме, кейбір жастар неге әскери қызметтен жалтарады және армия туралы қандай мифтер мен стереотиптер кең таралған. Рабирт Жәнібекұлы жастар мен жерлестеріне жүрекжарды үндеу жасап, өз еліне деген сүйіспеншіліктің, тарихқа құрметтің, өмірлік жолды саналы таңдаудың маңыздылығын атап өтті. Ол Отанға қызмет ету тек әскери борышты өтеумен шектелмей, күнделікті еңбек, игі істер және қоғамның дамуына қосқан үлес арқылы да жүзеге асатынын жеткізді. Монологты көру үшін сілтеме бойынша өтіңіз.

Тағы көрсету
6525 білім алушылар
10 оқу
ғимараттары
138 білім беру
бағдарламалары
6 жатақханалар
400+ профессор-
оқытушылар құрамы